2-4 жасар баланың сөздік қоры мен сөздік құрамы
Бала дүниеге келген күннен бастап қоршаған ортамен байланысы, дыбыстарға еліктеуі, жақындарының сөзін ажыратуы қалыптаса бастайды. 2 жастан асқан балалардың отбасылық өмірінде сөйлеу тілі қарқынды дамиды, сөздік қоры күн сайын молая түседі.
Біздің зерттеуіміздің аясында баланың өскен ортасы, кімге жақын болды, (аралас тілді ортада) өскені, қатты қызықтыратын дүниелері, жақын адамдар қайсысы екендігі, таным деңгейі, нені жақсы көретіні, алғашқы өз әрекеттерін білдіруі білінеді, сондай-ақ, сәбидің алдымен қолданатын сөздері мағынасын қабылдап, түсінікті жеткізетін актив сөздері пайда болады.
Мектеп жасына дейінгі баламен сөздік жұмысын жүргізуде – баланың пассив сөздерін белсенді қолдануға үйрету үшін төмендегідей ұстанымдарды есепке алуымыз керек.
1) Сөзге қатысты үдерісті белсенді танымдық әрекеттер негізінде балаларды қоршаған ортамен таныстыру мақсатында ұйымдастыру;
2) Сөздік жұмысының міндеттерін өзара бірлікте, жүйелі түрде жүзеге асыру.
Аталған ұстанымдарды басшылыққа алу арқылы сөздік жұмысын әрдайым, әртүрлі тұрмыстық жағдаяттарда, ұйымдастырылған іс-әрекетте үздіксіз жүргізіп отыруы бала тілінің табиғи түрде еркін дамуына жол ашады.
Бала тілінің табиғи түрде, ана тілінде дамыту жағдайында аталған ұстанымдар сақталса, үлкендердің баланың сөйлеуін қызықтап «Қане, былай айтшы...», «әже», «рахмет», «апатай», «тәте» деп бірнеше рет қайталату, асықпай әр сөзді мәнерлеп айту «Ойыншықты әкелші», «Допты тепші», «Тамақ же», «Сүт іш» деп, анықтап қайта-қайта ана тілінде айту бала әрекетімен бекітіліп, «Сүтті іштің бе?», «Менің балам сүт ішті, ет жеді» деп, оны көзінше жиі қолдап, сөйлесіп отырып тамақтандыру, дене мүшелерін айта отырып жуындыру, көрсете отырып, атын атап отырып ойыншықтарымен ойнату сәби тілінің қалыпты деңгейде шығуына ықпал етеді.
Қазақ тілінде оқитын ерекше білім беруге
қажеттілігі бар балаларға арнайы және
инклюзивті білім беру зертханасының
аға ғылыми қызметкері: Оспанова А.С.