Алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленіп, бекітілді
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын әзірлеп, бекітті.
Құжат мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың шарттарына, сапасына және көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.
Стандарт күшіне енген сәттен бастап меншік нысанына қарамастан арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын барлық білім беру ұйымдары өз жұмысында осы құжатта бекітілген талаптар мен принциптерге бағдарлануы тиіс. Бұл дегеніміз, жұмыстың барлық аспектілері – шарттардан, кадрлар құрамынан және педагогтердің өзара әрекеттесуінен бастап, қолдау мазмұны мен көлеміне дейін – енді стандартталған.
Стандартта командалық бағалауды, жеке-дамыту бағдарламасын әзірлеуді, түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыруды, ата-аналар мен педагогтерге кеңестік қолдауды қамтитын арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің кешені көзделген.
Стандартты қабылдау – бұл арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Бұл педагогтердің үйлесімді жұмысына негіз жасайды және ата-аналарға баланың қандай қолдау алуы керектігі туралы нақты түсінік береді.
Стандарт білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға, ашықтықты және ел бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі арнайы білім беру жүйесін жетілдіру, оны баршаға қолжетімді әрі сапалы ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда.