Көкшетау қаласында III өңіраралық ғылыми-практикалық конференция өтті
13.12.2023 ж. Көкшетау қаласында Ақмола облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Үздіксіз білім беру контексінде білім алушылардың жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтауы» атты ІІІ-аймақаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шара Көкшетау қаласындағы қатысушылар үшін оффлайн түрде, ал басқа өңірлер үшін онлайн форматында болды.
Конференцияның мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды кәсіби бағдарлау мәселелері аясында біріккен іс-әрекеттерді талқылау бойынша диалогтық алаң жұмысын жалғастыру; педагогтарға әдіснамалық және практикалық қолдау көрсету; ерекше білім беруді қажет ететін балаларды (тұлғаларды) оқыту мәселелерінде білім беру ұйымдарының өзара әрекеттестік жолдарын іздеу және талқылауға бастамашылық ету; білім беру үдерісінің әртүрлі деңгейлері мен үкіметтік емес сектор өкілдері арасында сұқбатты ұйымдастыру болып табылады.
Конференция жұмысына АИБД ҰҒПО арнайы және инклюзивті білім беру зертханасының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, заңгер А.Д. Сейсенова «Қазақстан Республикасының арнайы мектептерінің оқушыларының кәсіби-еңбекке дайындық мәселелері» тақырыбында сөз сөйлеп, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жоғарыда аталған мәселелер аясында жүзеге асырған жобалары мен жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
Шара барысында еліміздің жалпы, арнайы, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының мамандары мен педагогтері, аудандық білім бөлімдері, қалалық және облыстық білім басқармаларының қызметкерлері мен басшылары, ел аумағындағы әдістемелік орталықтардың мамандары белгіленген тақырыпта пікір алмасып, сұқбат құрды.