Сөйлеу тілі бұзылыстары мен аутизмді қалай ажыратуға болады?

  • 21.01.2025
  • ННПЦ РСИО
  • 14

Бір қарағанда кішкентай балаларда кейбір сөйлеу тілі бұзылыстарының (мысалы, сенсорлық алалия) және аутизмнің көріністері ұқсас. Белгілері бойынша ажырату үшін баланы бақылап, оның әртүрлі жағдайлардағы реакцияларын қадағалау қажет:
 Өз атына реакциясы.
Сөйлеу тілінде бұзылысы бар бала шамамен кейбір жағдайда өз атына жауап береді, ал аутизмі бар балалар өз атына жауап бермейді.
 Басқа адамдардың сөзіне реакциясы.
• Екі жағдайда да есту қабілеті бұзылмаған, бірақ сөйлеу тілін қабылдау қиындайды.
• Алалиясы бар бала сөйлеуді әуен сияқты қабылдайды, бірақ айтылған сөздерді түсінбейді. Дегенмен, айналасында болып жатқан жағдайларға қызығушылық танытып, оларға жауап береді. Айтылған сөздің интонациясын жақсы ажыратады.
• Аутизмі бар балалар айналасында болып жатқан жағдайларға жауап бермейді. Ешқандай сөздер мен интонациялар оларды қызықтырмайды.
Адамдармен қарым-қатынасы.
• Алалиясы бар балалар басқа адамдармен бірге болуға тырысады, байланыстан қашпайды. Айтылған сөзді түсінбесе де, басқа қарым-қатынас әдістерін қолданады: ым-ишара, мимика. Олар оңай көз байланысын орнатып, айтылған сөздерді ерін қимылынан түсінуге тырысады.
• Аутизмі бар балалар, керісінше, байланыстан қашады, басқа балалардан алшақ жүреді. Әңгімелесушінің көзіне тура қарамайды, көз қиығымен ғана қарайды. 
• Оларды әңгімелесушінің өзі емес, оның қолындағы зат немесе ойыншық көбірек қызықтыруы мүмкін.
 
 Сөйлеу тілі дамуындағы айырмашылықтар.
• Алалиясы бар балаларда сөйлеу тілінің дамуы кешігеді. Бала ұзақ уақыт бойы өзге адамдардың сөзін түсіне алмайды, көбінесе интонацияға, таныс сөздерге сүйенеді және жағдайға байланысты біртіндеп өтініштерді түсініп, орындай бастайды. Оған сөздік қор жинау, сөйлемдерді құрастыру және грамматикалық тұрғыдан дұрыс айту қиын.
• Аутизмі бар балалар өз жасына сай тіпті күрделі сөздер мен сөйлемдерді айта алады. Олар сөздерді дұрыс айтады, бірақ жиі естіген сөйлемдерді орынсыз қайталайды. Олардың сөйлеуі қарым-қатынас құралы ретінде қолданылмайды. Олар айналасындағыларға қарамай, «өздері үшін» сөйлеп жүреді. Диалогты қолдауға тырыспайды.
 
 Маңызды! Егер сіз балаңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, диагностика жасау үшін мамандарға жүгіну қажет.