Барлық білім алушылардың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕББҚ) бар балалардың сапалы білімге қолжетімділігі мен тең мүмкіндігін қамтамасыз ету Министрліктің басты міндеттерінің бірі.
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес елімізде ағымдағы жылдың басында ЕББҚ бар 235 мың бала тіркелген, оның ішінде естімейтін бала саны – 956.
Есту қабілеті зақымдалған балаларды оқыту және тәрбиелеу, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау арнайы немесе жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарларына сәйкес сурдопедагогтің арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауы есту қабілетін дамытуға, айтылымды, сөйлеу тілін және коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған; орта білім беру деңгейінде сурдопедагогтің қолдауы жалғасады және ауызекі және тұрмыстық сөйлеу тілі мен ымдау тілін дамытуға бағытталған.
Естімейтін балаларды оқыту қарым-қатынастың балама түрі ретінде ымдау тілін біртіндеп (4-сыныптан бастап) енгізуді қамтиды, бұл олардың қоғамдағы қарым-қатынас мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ымдау тілін үйренуге 9-10 жас қолайлы деп саналады, өйткені балалардың танымдық және сөйлеу дамуының жеткілікті деңгейі бар. Бұл оларға бұрын үйренген ауызша сөйлеу дағдыларымен араласпай, ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас жүйесі ретінде қабылдауға көмектеседі.
Сонымен қатар, ымдау тілін біртіндеп енгізу ауызша емес қарым-қатынас құралдарын – есту қабілеті нашар балаларға арналған үлгілік оқу бағдарламаларында қарастырылған интонацияны, мимиканы, ым-ишараны, дактильді сөйлеуді қолдануды жоққа шығармайды.
2007 жылы «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қоры Қазақстанның саңырау азаматтарына арналған «Қол қимыл әлемі» атты ым-ишарат тілінің тақырыптық сөздігін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірледі.
2022 жылы «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ «е-Ымдау» қазақ және орыс тілдеріндегі ымдау тілінің электрондық бейне сөздігін, оны арнайы мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдарды әзірледі https://special-edu.kz/kz/news/6/single/961. Ым-ишарат тілінің бейне сөздігі лексикалық құрылымда жинақталған бірегей электронды нұсқаулық.
Қазақ әліпбиінің дактилі алғаш рет 1998 жылы шығарылған және Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған мектептердің дайындық сыныптарына арналған «Әліппе» оқулығында қолданылған.
Қазіргі уақытта дактиль алфавитін оқыту мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларымен «Әліппе, Ана тілі» пәндері шеңберінде көзделген.
Сонымен қатар, Министрліктің жұмыс жоспарына сәйкес мектепке дейінгі және орта білім берудің арнайы бағдарламаларын кезең-кезеңімен жаңарту және есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған оқулықтарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған:
- 25 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) әзірленді;
- 2025–2030 жылдары есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 36 оқулық пен ОӘК әзірлеу көзделген;
- ым-ишарат тілінің электрондық бейне сөздігі үшін мобильді қосымша әзірленуде, бұл білім беру практикасында визуалды көрнекі базасына неғұрлым кең және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.