Көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен әлеуметтендірудегі тифлопедагогтың заманауи технологиялары мен жұмыс әдістері
2025 жылдың 8 қыркүйегінде Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының базасында тифлопедагогтер, арнайы мектеп-интернат тәрбиешілері және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагогтері үшін «Көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен әлеуметтендірудегі тифлопедагогтың заманауи технологиялары мен жұмыс әдістері» тақырыбында оқыту курстары басталды.
Білім беру бағдарламасы көру қабілетінде түрлі бұзылыстары бар балаларды оқыту сапасын арттыруға және олардың әлеуметтенуін қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді қамтиды. Бағдарлама арнайы білім берудің заманауи тәсілдерін көрсетіп, ерекше білім беру қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағдарланған.
Бағдарламаның басты артықшылығы – инновациялық технологияларды, арнайы әдістемелерді және тифлопедагогтың озық тәжірибесін үйлесімді қолдана отырып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруінде. Мұнда оқу процесін дараландыруға, бейімделген білім беру ортасын қалыптастыруға, заманауи цифрлық және техникалық құралдарды тиімді пайдалануға, сондай-ақ оқушылардың әлеуметтік дағдыларын жан-жақты дамытуға айрықша мән беріледі.