Білім беру саласының қызметкерлері жасанды интеллектіні қолдану бойынша оқытудан өтті
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Назарбаев университеті ұйымдастырған «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық: инновациялар және әрекеттегі жасанды интеллект» кәсіби даму бағдарламасы аясында білім беру саласының қызметкерлері жасанды интеллектіні тиімді пайдалану бойынша оқытудан өтті.
Бағдарламаның мақсаты — цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барысында білім беру жүйесі басшыларының стратегиялық ойлауын, көшбасшылық және басқарушылық құзыреттіліктерін дамыту.
2025 жылдың ақпан айынан басталған бағдарламаға министрліктің орталық аппараты өкілдері, өңірлік басқармалар мен білім бөлімдерінің басшысы, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен мектеп, балабақша және колледж директорлары қатысты. Бұл бағдарламаға Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бұтабаева да қатысып, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында спикер ретінде тәжірибесімен бөлісті.
Бағдарлама тақырыптары көшбасшылық құзыреттіліктерді дамыту, стратегиялық жоспарлау, ТжКБ жүйесін трансформациялау және білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізу тәжірибелерін қамтыды. Сонымен қатар педагогикалық хакатон өткізіліп, өңіраралық командалар білім сапасын арттыру және жасанды интеллектіні қолдану бойынша практикалық жобалар әзірледі. Бұл бағыт білім беру жүйесінің негізгі сын-қатерлеріне бірыңғай көзқарас қалыптастыруға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.
Бағдарлама нәтижесінде практик-менеджерлер қауымдастығы құрылып, өңірлік деңгейде іске асырылатын жобалар дайындалды. Сонымен бірге оқыту мен басқаруда жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға арналған әдістемелік материалдар топтамасы әзірленді.
Курс соңында қатысушыларға сертификат табыс етілді.