Алматыда инклюзивті білім беру бойынша алғашқы Дүниежүзілік Конгресс өтті
2025 жылдың 15–17 қазан аралығында инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) өтті. Конгресс алаңында әлемнің 40 елінен келген үкіметтік құрылымдардың, ғылыми қауымдастықтардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, педагогтер, сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар бас қосты.
Конгресті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан), сондай-ақ International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания) бірлесіп ұйымдастырды.
Конгреске ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Рахим Саидзода, IFIP негізін қалаушы және Дүниежүзілік инклюзия конгресінің президенті Дэниел Собел, InDrive компаниясының білім беру бағдарламаларының директоры және inVision U платформасының негізін қалаушы Эндрю Вахтель, Google for Education өкілі Крис Блейни, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері және әлемдік сарапшылар қатысты.
Конгрестің бірінші күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар инклюзивті білім беру жөніндегі Алматы декларациясын талқылап, оны ЮНЕСКО-ға жолдап, қатысушы елдерге инклюзивті білім беру саясатын жетілдірудің негізі ретінде таратуды ұсынды.
Декларацияда инклюзияны білім беру жүйесінің өзегіне айналдыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті инклюзияны дамытудың тиімді құралы ретінде пайдалану, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасудың тұрақты алаңдарын құру, дамушы елдерге қолдау көрсету және мониторинг пен есеп беру жүйесін енгізу мәселелері қамтылды.
Үш күнге созылған Конгресте «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу» тақырыбы аясында 23 панельдік сессия ұйымдастырылып, 160-қа жуық тақырып талқыланды. Оған 40 елден келген 3 мыңға жуық қатысушы қатысты. Сарапшылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған эмоциялық және физикалық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыру, аутизм спектріндегі және зияткерлік бұзылыстары бар балаларға кешенді қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету, EdTech пен жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу, жоғары білім мен еңбек нарығына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерді талқылады.
Конгресс аясында өткен Innovation Expo көрмесіне Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысты. Көрмеде инклюзивті білім беру мен қолжетімді орта қалыптастыруға арналған озық цифрлық шешімдер ұсынылды. Қатысушылар бейімделген оқыту платформаларын, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін, дербестендірілген оқу құралдары мен EdTech технологияларын таныстырды.
WIC 2025 нәтижесінде Алматы инклюзивті білім берудің жаһандық хабы ретінде танылды. Бұл халықаралық іс-шара Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық және әлеуметтік инклюзияны дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік жасау жолындағы нақты іс-қимылдарының жалғасы болды. Осылайша, Қазақстан сапалы білім теңдігі мен балалардың тұлғалық әлеуетін дамыту ісінде аймақтық көшбасшы әрі жаһандық диалогтың сенімді орталығына айналды.