«Әлемнің дыбыстары» II Халықаралық музыкалық фестивалі
2025 жылдың 14 қарашасында Алматы қаласында кохлеарлы имплантациядан кейінгі балаларға арналған «Әлемнің дыбыстары» II Халықаралық музыкалық фестивалі өтті.
Сахнаға 35 жас өнерпаз шықты. Олардың қатарында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығында коррекциялық көмек алатын ең кішкентай қатысушылар — «Слушарики» тобы да болды. Олар «Қара жорға» композициясын орындап, қазақтың халық аспаптарында ойнап, ән салып, би биледі.
Бірнеше жыл бұрын бұл топ Орталық базасында музыкант Журбай Ақайши мен сурдопедагог Г. М. Шолпанқұлованың бастамасымен еріктілік негізінде құрылған болатын. Қазір бұл балалар үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр.
Фестиваль бағдарламасында кохлеарлық импланттары бар балалардың орындауында 22 қойылым ұсынылды: вокалдық өнер, хореографиялық қойылымдар және аспаптық шығармалар.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Грузия елдерінен келген балалар қатысты. Көптеген бала үшін бұл сахнаға шығу – шығармашылық дебют қана емес, сонымен қатар үнсіздіктен дыбыстар әлеміне жасаған маңызды қадам, жеке жетістік болды.