Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы заманауи тәсілдерге арналған республикалық онлайн-семинар басталды
2025 жылғы 18 желтоқсанда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды туғаннан бастап мамандық алуға дейін оқытудың заманауи әдістері мен тәсілдері» тақырыбында арнайы педагогтердің республикалық онлайн-семинарының бірінші күні өтті.
Семинар еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 500-ден астам мамандарды біріктірді. Олардың қатарында арнайы білім беру саласының ғалымдары, арнайы педагогтер, логопедтер, дефектологтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, колледж өкілдері, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен олардың білім беру траекториясының барлық кезеңдерінде жұмыс істейтін мамандар болды.
Іс-шараның бірінші күні дамуында әртүрлі бұзылыстары бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге қатысты өзекті мәселелер қарастырылды, атап айтқанда:
▪️ есту қабілетінің бұзылыстары,
▪️ көру қабілетінің бұзылыстары,
▪️ сөйлеу тілінің ауыр бұзылыстары,
▪️ тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары.
Қатысушылардың ерекше назарын мына мәселелер аударды: оқытудың заманауи және практикаға бағытталған әдістері; ерте қолдау көрсету мен сүйемелдеуді ұйымдастыру; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәсіби бағдарлануы мен кәсіби өзін-өзі анықтауы; жасанды интеллект элементтерін қоса алғанда, инновациялық технологияларды пайдалану; ерте жастан бастап кәсіби білім алуға дейінгі үздіксіз білім беру моделінің тиімді тетіктерін іздестіру.
Спикерлердің баяндамалары нақты тәжірибелік кейстерге, авторлық әдістемелер мен қолданбалы құралдарға негізделді.
Семинардың бірінші күні кәсіби қауымдастықтың тәжірибе алмасуға, өңіраралық өзара іс-қимылды дамытуға және Қазақстан Республикасында арнайы және инклюзивті білім беру сапасын арттыруға бағытталған ортақ шешімдерді бірлесе әзірлеуге жоғары деңгейде қызығушылық танытатынын көрсетті.