Арнайы педагогтердің республикалық онлайн-семинары аяқталды

  • 19.12.2025
  • ННПЦ РСИО
  • 329

2025 жылғы 19 желтоқсанда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды туғаннан бастап мамандық алуға дейін оқытудың заманауи әдістері мен тәсілдері» тақырыбындағы арнайы педагогтердің республикалық онлайн-семинарының екінші, қорытынды күні өтті.
 
Екі күн бойы қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен сүйемелдеу, зияткерлік және күрделі даму бұзылыстары бар білім алушыларды қолдау, өмірлік дағдыларды қалыптастыру және кәсіби бағдар беру, заманауи және цифрлық технологияларды (оның ішінде жасанды интеллект элементтерін) қолдану, отбасы мен білім беру ұйымының өзара іс-қимылы, сондай-ақ қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесу бұзылыстары бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мәселелерін жан-жақты талқылады.
 
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ұйымдастырған екі күндік семинар Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен 900-ден астам маманды біріктіріп, кәсіби диалог жүргізуге, тиімді тәжірибелермен алмасуға және арнайы әрі инклюзивті білім беру жүйесін дамытудың өзекті бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Семинар қатысушыларына құттықтау сөзбен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары Жәдігер Қ. Ә. жүгінді. Министрліктің Арнайы білім беру басқармасының басшысы Торекулова Б. А. өз сөзінде арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындап, семинар қорытындыларын шығара отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан бастап кәсіби өзін-өзі анықтау мен жұмысқа орналасуға дейінгі барлық кезеңдерде жүйелі сүйемелдеудің негізгі бағыттарын атап өтті.
Орталық директорының міндетін атқарушы Джангельдинова З. Б. «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ аталған салада мемлекеттік саясатты дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуге, мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және білім беру үдерісіне заманауи тәсілдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сондай-ақ республикалық семинарларды өткізу кәсіби қауымдастықты біріктіруге және тиімді тәжірибелерді ел көлемінде таратуға ықпал ететіні айтылды.
Семинар жұмысына ғалымдар, мектепке дейінгі ұйымдардың, мектептердің, колледждердің, мамандандырылған орталықтардың және қоғамдық қорлардың басшылары мен педагогтері қатысты. Қатысушылар ұсынылған материалдардың жоғары практикалық маңызын, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан бастап кәсіби білім алғанға дейін үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажеттігін, қолжетімді білім беру және кәсіби бағыттардың аясын кеңейтудің маңызын, сондай-ақ заманауи педагогикалық және цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігін атап өтті.