Қазақстандық колледждерде түкш саласы үшін жаңа мамандық пайда болды
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің хабарлауынша, Қазақстанда алғаш «Хаус-мастер» біліктілігі бойынша кадр даярлау басталды. Алматы құрылыс-техникалық колледжінің базасында қазір жаңа мамандық бойынша 25 адам білім алып жатыр.
Департамент директоры Ернат Жүнісовтың айтуынша, студенттер электр-газбен дәнекерлеуші, сантехник және жарықтандыру жүйелерін монтаждау құзыреттерінің кең ауқымы бойынша білім алады.
«Хаус-мастер біліктілігін даярлау тұрғын үйді басқару мамандар даярлау оқу орнының басым бағыты болады. Жаңа тәсіл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандардың кәсібилігі мен құзыреттілігін арттырады, өйткені көпқабатты тұрғын үйлер салу және пайдалану өзекті мәселелердің бірі», - дейді Ернат Жүнісов.
Бұл біліктілік «Қазақстан мен Өзбекстандағы тұрғын үй қорын басқаруды кәсібилендіру – PROMHOUSE» жобасы аясында жүзеге асуда. Жобада тұрғын үйді басқару саласындағы кадрларды даярлауда серіктес елдердегі тұрғын үй саясаты мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процестеріне бизнесті тартуды арттыру міндеттері қарастырылған.
Айта кетейік, жаңа біліктілікке даярлау Алматы және Астана қалаларында, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады.