Жетісу облысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша жиналыс өтті
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Талдықорған қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховпен бірге білім саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы жиналыс өткізді.
Жиналысқа 200-ге жуық мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының басшылары, бухгалтерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Оқу-ағарту министрі сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес білім беру саласындағы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын қаржыландырудағы коррупциялық тәуекелдерге сараптама жүргізуде. Мұндағы алдын ала алынған мәліметтер бойынша конкурс рәсімдерінде, жұмысқа орналасуда, балаларды балабақшаға, мектепке қабылдауда, сондай-ақ ұйым директорларының ұзақ уақыт бір қызметте отыруында сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екені белгілі болды. Лауазымды бір қызметті жеті жылдан аса уақыт кезеңінде атқарып келе жатқан басшылардың барлығын тексеру туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының директорларын тағайындау рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлікте жоғары білікті мұғалімдердің базасы мен мектеп директорларының кадрлық резерві қалыптастырылады.
«Білім беру қызметінің барлық бағыттарын түбегейлі қайта қарап, сыбайлас жемқорлықты жою бойынша кешенді жұмыс жүргізу керек. Әрбір директор мен бухгалтердің қызметтегі мінез-құлқы, пайдакүнемдік мүддесінің болуы мұқият зерттелуі қажет. Облыстық білім басқармалары басшыларының жұмысы да осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады», - деп атап көрсетті Оқу-ағарту министрі.
Еске салайық, министрлік аумақтық бөлімшелердің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, әкімдіктердің қызметкерлерін, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен қоғамдастық мүшелерін тарта отырып, мониторингтік топтар құрды.
Өңірлерде жуырда барлық аудандық, қалалық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары үшін «білім аудиті» басталады.
Жиын соңында білім саласында қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Атап айтқанда, ол білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға және қаржылық тәртіпті күшейтуге қатысты болмақ. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасатын болады