ПМПК логопед мамандарының біліктілігін арттыру: тәжірибе мен жаңа білімге толы апта
АИБД ҰҒПО-да 11 сәуір күні психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар логопедтеріне арналған «Балалардың сөйлеу тілі бұзылыстарын дифференциалды диагностикалау» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы аяқталды.
Бір апта бойы орталық базасында практикалық сабақтар өткізілді. Қатысушылар инклюзивті білім беру жүйесіндегі ПМПК қызметімен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан баға беру және көмек көрсету тәсілдерімен танысты. Тыңдаушылар логопедиялық тексеру мен кеңес беру бағдарламасын қолдану дағдыларын бекітіп, ерте жастағы, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларда сөйлеу бұзылыстарын дифференциалды диагностикалаудың заманауи тәсілдері мен ПМПК жағдайындағы классификациясын меңгерді.
«Дөңгелек үстел» барысында арнайы білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелер кеңінен талқыланып, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.
Қатысушылар курстардың жоғары сапасын, материалдардың мазмұндылығы мен тәжірибеге бағытталуын атап өтіп, оқытушыларға құнды тәжірибе үшін алғыстарын білдірді.