Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламасы «Зияты зақымдалған білім алушыларға арналған арнайы мектепте әлеуметтік-педагогикалық тәсіл негізінде білім беру процесін жобалау»

  • 12.01.2026
  • ННПЦ РСИО
  • 85

1. Жалпы ережелер

      Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарының « Зияты зақымдалған білім алушыларға арналған арнайы мектепте әлеуметтік-педагогикалық тәсіл негізінде білім беру процесін жобалау» білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) зияты зақымдалған  балаларға арналған арнайы мектептердің оқу ісі жөніндегі басшының (директордың) орынбасарларын, мұғалімдерді (олигофренопедагогтарды)
оқытуды  ұсынады (бұдан әрі – Тыңдаушылар).

      2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында әрбір қазақстандық оқушының сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлар жасалуы тиіс екені атап өтілген.

     Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білімді дамыту тұжырымдамасы «барлық деңгейдегі білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, зиятын дамыту, психофизиологиялық және жеке ерекшеліктерді ескеру» принциптеріне негізделген. Білім беру саласындағы жаңа даму траекториялары оқушыға педагогикалық қолдау көрсету моделіне сүйенетін болады. Педагогтің назарында оқушының  оқу және дамуға қатысты қажеттіліктері болады, ал оқу процесінде – гуманистік парадигманың концептуалды идеяларын іске асыруға бағытталған тәсілдер қолданылады.

    Бұл ұлттық білім беру жүйесін, соның ішінде зияты зақымдалған балалардың білімін одан әрі жетілдірудің маңыздылығының жоғары екенін көрсетеді, олардың мүмкіндіктері әртүрлі деңгейдегі зиятының зақымдалуының ерекшеліктерімен айқындалатын жеке ерекшеліктердің көптүрлілігімен сипатталады.