1. Жалпы ережелер
1. Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарының «Балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін диагностикалаудың, кеңес берудің және бағалаудың заманауи тәсілдері мен технологиялары» білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың арнайы педагогтері (дефектологтары) үшін оқытуды регламенттейді.
2. ПМПК педагогтарының біліктілігін арттыру курстарын өткізудің өзектілігі мен қажеттілігі әлеуметтік-педагогикалық модельге көшуге байланысты консультациялар қызметін реформалауға байланысты. Қазіргі уақытта инклюзивті білім беруді дамытудағы жалпы әлемдік тренд даму проблемаларын диагностикалаудың медициналық моделінен мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту және оқыту проблемаларын бағалаудың әлеуметтік-педагогикалық моделіне көшу болып табылады. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның «Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы» Конвенциясын ратификациялай отырып, білім беру жүйесіне әлеуметтік-педагогикалық көзқарас қағидаттарын дәйекті түрде енгізеді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 26 маусымдағы № 56-VII Заңына сәйкес ПМПК қызметі әлеуметтік-педагогикалық модель негізінде жүзеге асырылуы және балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін анықтауға және оқытудың арнайы жағдайларын жасауға бағытталуы тиіс.
«Балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін диагностикалаудың, кеңес берудің және бағалаудың заманауи тәсілдері мен технологиялары» бағдарламасы білім беру саласындағы мемлекеттік басымдықтар мен әлемдік трендтерге сәйкес әлеуметтік-педагогикалық модель негізінде психологиялық-педагогикалық диагностиканың заманауи принциптері мен мазмұнын қамтиды.
ПМПК педагог-дефектологтарының кәсіби қажеттіліктерін талдау инклюзивті білім беруді дамытудың қазіргі жағдайындағы кеңес беру қызметі бойынша біліктілікті арттыру және балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын диагностикалау және кеңес берудің заманауи тәсілдері мен технологияларын қолдану қажеттілігін анықтады.
3. Білім беру бағдарламасы педагогикалық жұмыстың негізгі бағыттары бойынша ПМПК педагогтарының кәсіби құзыреттілігін дамытуға: әлеуметтік-педагогикалық модельге және педагогтің диагностикалық-кеңес беру жұмысына заманауи тәсілдер негізінде балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға, кеңес беруге, зерттеуге бағытталған.