«Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі»
(арнайы мектепте, арнайы балабақшада)
республикалық педагогикалық шеберлік конкурсын өткізу туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ереже арнайы балабақша, арнайы мектеп педагогтері үшін «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі» Республикалық педагогикалық шеберлік конкурсын (бұдан әрі - Конкурс) ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.
1.2. Осы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығына «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін және оларды іріктеу өлшемшарттарын бекіту туралы» сәйкес әзірленді.
1.3. Конкурс педагогикалық еңбектің беделін арттыру, арнайы білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – АББ) үздік педагогтерінің тәжірибесін тарату, жеке тұлғаның әлеуметтік-кәсіби ресурстарын және АББ педагогтерінің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында өткізіледі. Конкурстың негізгі міндеттері - дарынды педагогтарды анықтау және қолдау, мұғалімнің оң әлеуметтік және кәсіби имиджін қалыптастыру, педагогикалық инновациялар мен шығармашылық белсенділікті көтермелеу, педагогикалық тәжірибені жалпылау нысандарын жетілдіру.
1.4. «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі» Республикалық педагогикалық шеберлік конкурсының негізгі ұйымдастырушысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ болып табылады.
1.5. Конкурсқа Ереженің талаптарына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім берген, арнайы білім беру ұйымдарында (ОО, ППТК, АО, ПМПК, арнайы балабақшада, арнайы мектепте) кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар тәрбиешілер мен педагогтер қатысады. Қатысушылардың жасына шек қойылмайды.